Ақтау қаласының жаңа әкімі Ұлықбек Тналиев қызметке келгелі әртүрлі шағын аудандарды аралап, тұрғындармен кездесуде. Қала әкімі бұл жолы 29 шағын аудан 24 үй тұрғындарымен кездесіп, олардың мәселелерін тыңдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тұрғындар кездесуде мүлік иелері бірлестігінің жұмысына наразылық танытып, жол мәселесін қозғады. Олардың айтуынша, мүлік иелерінің бірлестігі қажетті қызметтерді көрсетпейді.
- Біз өзіміздің мүлік иелері бірлестігінің басшысынан шаршадық. Чаттан тұрғындарды шығарып тастады. Үйдің дәлізі лас, лифт жасамайды. Жиналыс өткізбейді. Мүлік иелері бірлестігі басшысынан барлық тұрғындар болып бас тартамыз,- деді 29ш/а 24 үй тұрғыны Ақмарал Ізмұратова.
Бұл мәселе бойынша қала әкімі тұрғын-үй – тұрғындардың ортақ мүлкі болғандықтан, МИБ басшысын өздері тағайындайтындығын жеткізді.
- Әр бір тұрғын ортақ мүлкі тұрғын үйді күтіп ұстау үшін өздері таңдаған МИБ немесе ПИК-пен келісімшартқа отыра алады. Тұрғындардың МИБ немесе ПИК-ті өздері тағайындап, өздері алып тастауға құқықтары бар. Дегенмен барлық мүлік иелерінің бірлестігі және пәтер иелері кооперативінің жұмысын қадағалауға аламыз,- деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Сонымен қатар әкім тұрғындарға тұрғын үйді жөндеуге көмектесетін мемлекеттік бағдарлама бар екендігін атап өтті.
- Үйдің сырты болсын, іші болсын ортақ мүлік болғандықтан жөндеу жүргізу мәселесін сіздер өздеріңіз шешесіздер. Мемлекеттік бағдарламамен жөндеу жүргізгіңіз келсе тұрғынүйге техникалық сараптама жүргізілгеннен кейін, мемлекеттік бағдарламаға сәйкес тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі жобалық-сметалық құжаттарды дайындайды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үйді жөндеуге сіздерге несие беріледі. Сол қаражатқа тұрғын үйге қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізе аласыздар. Бірақ оған міндетті түрде тұрғындардың келісімі қажет. Кейбір тұрғын төлей алмайтын болса, тұрғынүй көмегін алуға да болады - деді қала әкімі.
Сондай-ақ шағын аудан тұрғыны №28 мектептің алдына асфальт төсеуді сұрады.
- Біздің шағын аудан балалары №28 мектепке барады. Мектептің алдында асфальт жоқ. Жаңбыр жауса мектеп алды лайланып кетеді. Балаларымыздың аяқ киімі лас болады. Осы мәселені шешіп берулеріңізді сұраймын, - деді 29ш/а тұрғыны Құрал Оразбеков.
Осы мәселеге байланысты қала басшысы аталған мектептің алдына асфальт төсеу жұмыстары арнайы жоспар бойынша жүзеге асатындығын айтты.
- Қаладағы шағын аудан ішілік жолдарды қайта қалпына келтіру бойынша арнайы жоспар бар. Бұл жоспарға 1, 14, 22, 28А, 29 шағын аудандары кіреді. Жобаны жасақтап отырмыз. Сараптамадан өтіп, қаражатын есептегеннен кейін, аталған шағын аудандардың ішкі жолдарын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Егер де дәл қазір қажет болса – мамандар уақытша кеспе тастар(брусчатка) төсеу жұмыстарын жүргізеді, - деді қала әкімі.